Accessibility links

Стамбул әуежайы жарылыстан соң жұмысын жалғастырды


Жарылыстан кейінгі Ататүрік әуежайының ішкі көрінісі. Стамбул, Түркия, 29 маусым 2016 жыл.
Жарылыстан кейінгі Ататүрік әуежайының ішкі көрінісі. Стамбул, Түркия, 29 маусым 2016 жыл.

Стамбулдың Ататүрік әуежайы 28 маусымда болған жарылыстардан соң жұмысын қайта жалғастырды. Бұл туралы Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым хабарлады. Ол 36 адам қаза тауып, 147 адам зардап шеккен жарылыстарды экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымы жасауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ Йылдырымның сөзінше, әзірге бұған нақты дәлел жоқ. Шабуыл мен жарылыстарға жауапкершілікті әзірге бір де бір террористік ұйым мойнына алған жоқ.

28 маусым күні кешке қарай Ататүрік әуежайында үш жарылыс болған. Бомбаны үш жанкешті жарған. Жарылыстар әуежайы маңындағы көлік тұрағы мен терминалда болған. Шабуылдағандардың біреуі терминалдағы адамдарға автоматтан жаппай оқ атқан.

Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында шетелдіктер де бар. Ресейдің Түркиядағы бас консулдығы жараланған Александр Лубнин деген азаматтың жараланғанын хабарлады.

Түркия билігі шабуылды теракт деп жариялады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған барлық елді терроризммен күресте күш біріктіруге шақырған. "Қасиетті Рамазан айында жасалған бұл шабуыл терроризмнің сенім мен құндылыққа қарамайтынын дәлелдейді" делінген Ердоғанның мәлімдемесінде.

БҰҰ, АҚШ, Қазақстан Стамбулдағы шабуылды айыптады. Еуропа Одағы Анкараға қолдау білдіретінін мәлімдеді. Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Түркия халқына көңіл айтты.

XS
SM
MD
LG