Accessibility links

Стамбул мэрі: Жарылыс құрбандары саны 41 адамға жетті


Ататүрік әуежайында болған жарылыс орны. Стамбул, Түркия, 28 маусым 2016 жыл.
Ататүрік әуежайында болған жарылыс орны. Стамбул, Түркия, 28 маусым 2016 жыл.

Стамбул мэрі Кадир Топбаш Ататүрік әуежайындағы жарылыстардан қаза тапқандар саны 41 адамға жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, жараланғандар саны 147-ден 239-ға жеткен.

28 маусым күні кешке қарай Ататүрік әуежайында үш жарылыс болған. Бомбаны үш жанкешті жарған. Жарылыстар әуежайы маңындағы көлік тұрағы мен терминалда болған. Шабуылдағандардың біреуі терминалдағы адамдарға автоматтан жаппай оқ атқан.

Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында шетелдіктер де бар. Ресейдің Түркиядағы бас консулдығы Александр Лубнин деген азаматтың жараланғанын хабарлады. Кейбір ақпараттар бойынша, жарылыстардан Өзбекстанның бір азаматы құрбан болып, бір азаматы жараланған. Қазақстан сыртқы істер министрлігішабуылдан қазақстандықтардың зардап шеккені туралы мәлімет әзірге түспегенін айтады.

Түркия билігі шабуылды теракт деп жариялады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған барлық елді терроризммен күресте күш біріктіруге шақырған. "Қасиетті Рамазан айында жасалған бұл шабуыл терроризмнің сенім мен құндылыққа қарамайтынын дәлелдейді" делінген Ердоғанның мәлімдемесінде.

БҰҰ, АҚШ, Қазақстан Стамбулдағы шабуылды айыптады. Еуропа Одағы Анкараға қолдау білдіретінін мәлімдеді. Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Түркия халқына көңіл айтты.

XS
SM
MD
LG