Accessibility links

Душанбе тәжік азаматтарының Стамбулдағы терактіге қатысын терістеді


Milliyet таблоидындағы бақылау камерасынан алынды деген сурет.
Milliyet таблоидындағы бақылау камерасынан алынды деген сурет.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі түркиялық Milliyet таблоидінің Стамбул әуежайында болған терактіге Тәжікстан азаматы бар деген ақпаратын теріске шығарды.

Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, министрліктің баспасөз қызметі мұндай мәліметті түркиялық бір ғана жекеменшік басылым келтіргенін және Түркия билігі оны растамағанын айтады. "Аталған БАҚ бақылау камерасына түсіп қалған жанкештінің суретін ғана жариялады. Бірақ бұл олардың Тәжікстан азаматы екенін білдірмейді" деген министрлік мәлімдемесінде.

Сыртқы істер министрлігінің ақпарат департаментінің бастығы Вафо Ниятбеков 30 маусымда Азаттыққа Стамбулдағы Тәжікстан бас консулдығы өкілі бұл мәселе Стамбул басшылығымен және қалалық қауіпсіздік басқармасымен кездескенін айтты. "Кездесуде Тәжікстан азаматтарының Ататүрік әуежайындағы жарылыстарға қатысы бары туралы ақпарат расталмады" деді Ниятбеков.

Milliyet бүгін 28 маусымда Стамбулдың халықаралық Ататүрік атындағы әуежайында болған жарылыстарға үш тәжік жанкештісінің қатысы бар деп жазған. Басылымның мәліметінше, жанкештілер әуежайға таксимен жеткен. Басылым материалында бақылау камерасынан алынды деген суреттер жарияланған. Бірақ жанкештілердің қандай топқа қатысы бары айтылмайды.

Түркия билігі кеше Стамбулдағы жарылыстарды экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымы жасауы мүмкін деп мәлімдеген. Бірақ әзірге ешкім терактіні мойнына алған жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, теракт салдарынан 42 адам қаза тауып, 230 адам жараланған.

XS
SM
MD
LG