Accessibility links

Назарбаев жер кодексінің кей бабына мораторий жариялау заңын қабылдады


Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жер кодексінің қоғамдық қарсылық тудырған кейбір баптарының күшіне енуін уақытша тоқтату туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Заң президенттің 6 мамырда шығарған жер кодексінің кейбір баптарының күшіне енуіне мораторий жариялау туралы жарлығын заңдастыру үшін қабылданған.

Заңда 2016 жылы 2 қарашада қабылданған "Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының кейбір нормаларына моратоиий қойылатыны көрсетілген. Ол нормаларда шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға және жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан көп заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жалға пайдалануға беру қарастырылған. Сонымен қатар мораторий енгізілген ережелерде мемлекет меншігіндегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жекеменшікке беру де көзделген.

24 сәуірде Атырау қаласында «жер мәселесіне» қатысты өткен алғашқы ірі шеруден кейін Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өтті. Осы шерулерден соң Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

XS
SM
MD
LG