Accessibility links

Атамбаев: Ұры министр болғаннан еден жуған артық


Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті.

Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев "ұры министр болғаннан еден жуушы немесе аула сыпырушы болған артық" екенін мәлімдеді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы.

Атамбаев бұл жайында мектеп бітірушілерге сертификат тапсыру салтанатында айтқан. Түлектер алдында сөйлеген Атамбаев ешқандай жұмыстың ұяты жоғын айтып, оларды адал еңбек етуге шақырған.

"Өзін өзгелерден жоғары санайтын ұры министр болғаннан еден жуушы немесе аула сыпырушы болған артық. Ешқандай жұмыстан ұялмаңыздар. Кез-келген жұмыс - үлкен абырой" деген Атамбаев.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 23 мамырда Астанада жұртшылыққа есеп беру кезінде "Қырғызстандағы жұмыссыздық кесірінен жас қырғыз қыздар Мәскеудегі қоғамдық дәретханаларда қара жұмыс істеуге мәжбүр" деген мазмұнда мәлімдеме жасаған. Мұхамедиұлының бұл сөзі Қырғызстан мен Қазақстанда бірдей көпшілік талқысына түсіп, сынға іліккен.

Мәскеуде жұмыс істейтін қырғызстандықтар Мұхамедиұлының бұл мәлімдемесіне наразылықтарын білдіріп, өздерінің "нанын адал еңбекпен тауып, өз елі экономикасына қолдау көрсетіп отырғанын" мәлімдеген. Қазақстандық бірқатар қоғам белсендісі министрдің бұл сөзі үшін қырғыз халқынан кешірім сұраған.

24 мамырда Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанның осы елдегі елшілігінің кеңесші-уәкілін шақырып алып, наразылық нотасын тапсырғанын хабарлаған.

Кейін Арыстанбек Мұхамедиұлының аталған сөзі үшін кешірім сұрағаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG