Accessibility links

АҚШ федералдық тергеу бюросы Хиллари Клинтоннан жауап алды


Хиллари Клинтон. Денвер штаты, АҚШ, 28 маусым 2016 жыл.
Хиллари Клинтон. Денвер штаты, АҚШ, 28 маусым 2016 жыл.

АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) бұрын мемлекеттік хатшы қызметінде болған кезде жұмыс бабындағы хат-хабарлар алмасқанда жеке поштасын пайдалануына қатысты Хиллари Клинтоннан жауап алған. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, FBI өкілдері қазіргі кезде АҚШ президенті сайлауына түсіп жатқан Клинтонның сайлау науқанына әсер етуі мүмкін тергеу материалдарын зерттеуді аяқтауға тақаған.

Клинтон өз еркімен қатысқан одан жауап алу сенбі күні таңертең Вашингтондағы FBI штаб-пәтерінде өткен. Клинтон АҚШ әділет министрлігіне тергеуді аяқтап, қорытындысын шығаруға септескеніне қанағаттанушылық сезімін білдіреді деп мәлімдеді бұрынғы мемлекеттік хатшының ресми өкілі журналистерге.

«Тергеуге ізет білдіре отырып, ол жауап алу қалай өткені жайлы комментарий бермейді» деп мәлімдеді Хиллари Клинтонның өкілі.

Associated Press агенттігі АҚШ президенттігіне демократиялық партиядан ортақ кандидат болуға үміткер Хиллари Клинтоннан жауап алу күткен оқиға болатын деп хабарлайды. Кей сарапшылар саясаткер қылмыстық қудалауға тап болуы мүмкін дегенге күмән білдіреді. Одан жауап алу әділет министрлігі бір жыл бойы жүргізіп келе жатқан тергеудің соңына жетіп қалғанының белгісі болуы мүмкін. Бірақ тергеу жүргізілуінің өзі Клинтонның АҚШ президенттігіне ортақ кандидат болып бекітілуіне бірнеше апта қалған кезде демократиялық партия үшін «елеулі қатер» болып отыр.

Бұл жолғы сайлауда Клинтонның негізгі бәсекелесі, республикалық партиядан ортақ кандидат атануға бірден бір мүмкіндікке ие миллиардер Дональд Трамп өз сайлауалды сөздерінде Клинтонның жеке поштадан хат-хабарлар жібергенін бірнеше рет тілге тиек етіп, оны саяси бәсекелесінің «президенттікке лайық еместігіне» дәлел ретінде пайдаланған еді.

XS
SM
MD
LG