Accessibility links

Павлодарлық рэпер «алауыздық қоздырды» деген күдікпен ұсталған


Павлодар қаласының орталығы. (Көрнекі сурет.)

Павлодар қаласының орталығы. (Көрнекі сурет.)

Павлодар қаласының 34 жастағы тұрғыны Руслан Гинатуллин «діни алауыздық қоздырған» деген күдікпен ұсталып, 5 шілдеде Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің уақытша ұстау изоляторына отырғызылған. Бұл туралы бүгін Азаттыққа Павлодар облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Елена Семенова хабарлады. Ол кеше түстен кейін қамаудағы Гинатуллинге жолыққанын, рэпер төрт орынға арналған камерада жалғыз отырғанын, полиция ол тұрып жатқан мекен-жайда сейсенбі күні шамамен түскі сағат екінің кезінде тінту жүргізіп, оның компьютерін алып алғанын хабарлаған. Бұдан соң Гинатуллинді «алауыздық қоздырған» деген күдікпен ұстаған.

Семеноваға Гинатуллин өзін ұстауға оның әлеуметтік желідегі ислам тақырыбындағы бір роликті «ұнайды» деп белгілеп, қайтара жариялағаны ілік болғанын жеткізген. Заң бойынша, полиция уақытша оқшаулау изоляторында азаматты үш тәулікке дейін ұстай алады, одан артық қамауда ұстау үшін сот тиісті санкция беруі қажет.

Павлодарлық рэпер Руслан Гинатуллин бұған дейін екі рет сотты болған. 2004 жылы Павлодар қалалық соты оны 2013 жылы «Хизб ут-Тахрир» діни тобының үнпарақтарын таратқан деген айыпен экстремизм бабы бойынша екі жылға бос еркіндігінен айыруға үкім еткен. Ол уақытта Қазақстанда «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының қызметіне тыйым салынбаған еді. 2010 жылы Руслан Гинатуллинді қызметіне заңмен тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының жұмысына қатысқаны үшін Қарағанды соты екі жылға түрмеге қамаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG