Accessibility links

Бангладеш билігі кафеге шабуылды ИМ тобымен байланыстырмайды


Шабуыл болған жерде жүрген қауіпсіздік қызметкерлері. Дакка, 2 шілде 2016 жыл.

Шабуыл болған жерде жүрген қауіпсіздік қызметкерлері. Дакка, 2 шілде 2016 жыл.

Бангладеш билігі ел астанасы Даккада кафеге шабуылдап, жиырма адамның қазасына себеп болған қылмысты «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы емес, жергілікті исламшылдар тобы жасаған деп мәлімдеді.

Бангладеш ішкі істер министрі Асадуззаман Хан кафеге шабуылдағандар – осыдан он жылдан астам уақыт бұрын елде қызметіне тыйым салынған «Жамаат-әл-Муджагидин Бангладеш» тобының мүшелері және олардың ИМ тобымен еш байланысы жоқ деп мәлімдеген.

Полиция кафеде кепілде болғандарды босату операциясы кезінде көздері жойылған күдікті алты адамның суреті мен аты-жөндерін жариялады. Полиция тұтқындаған жетінші күдіктіден қазір жауап алып жатыр. Шабуылдағандардың барлығы – Бангладеш азаматтары екені хабарланды.

Шілденің 1-і күні қарулы жеті адам Даккадағы дипломатиялық өкілдіктерге жақын маңда орналасқан кафені басып алып, ондағы бейбіт адамдарды кепілге алған. Қарулы топты кепілдегілерді босатуға көндіруді көздеген келіссөздер нәтиже бермеген соң полиция сенбі күні таңертең кафені шабуылмен алған. Кепілдегі 13 адам құтқарылған. Қаза тапқан 20 бейбіт адамның көпшілігін қылмыскерлер үлкен жалпақ пышақпен шауып өлтірген деп хабарланды. Құрбан болғандардың арасында Италияның тоғыз азаматы, жеті жапон және бір үндістандық бар деп хабарланды.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Даккадағы кафеге шабуылға жауапкершілікті алатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG