Accessibility links

Рамазан Есіргепов аштық акциясын аяқтаған


Журналист, "Журналистер қауіп-қатерде" қорының жетекшісі Рамазан Есіргепов.
Журналист, "Журналистер қауіп-қатерде" қорының жетекшісі Рамазан Есіргепов.

Алматылық журналист әрі "Журналистер қауіп-қатерде" қорының жетекшісі, қудалаудағы белсенділер мен олардың отбасыларын қолдап 20 маусымнан бері аштық жариялап жатқан Рамазан Есіргепов бұл акциясы аяқталғанын хабарлады. Есіргеповтің сөзінше, ол денсаулық жағдайына байланысты аштық жариялауын 2 шілдеде тоқтатқан.

Есіргепов аштықты бірқатар азаматтық және қоғамдық белсенділердің қудалануына қарсылық белгісі ретінде бастаған. Ол азаматтық белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян, Жанат Есентаев, Ғатауғали Бохан, Сағынғали Қапизов, Құбайдолла Шолақ және Махамбет Әбжанның қылмыстық қудалануын заңсыз деп санайды. Жер мәселесіне байланысты митингілерге қатысқан бұл белсенділердің кейбіріне "алауыздық тудырды" деген, кейбіріне "мемлекетке сатқындық жасады" және "билікті басып алуға шақырды" деген айыптар тағылған.

Рамазан Есіргепов басқа белсенділерді өзімен бірге аштық жариялауға шақырған. Ол өзіне емес, қазақстандық құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп танығандарға және жер мәселесіне қатысты митингілерден соң қылмыстық қудалау көріп отырғандарға назар аударылуы тиіс дейді.

- Белсенділерге 15 жылға дейін сотталу қаупі төніп тұр, ал біз әдеттегідей үнсізбіз. Мені емес, қылмыстық жауапқа тартылып, қамауда отырған белсенділерді, олардың отбасыларын моральдық және материалдық тұрғыдан үнемі қолдап отыру керек, - деген Есіргепов.

Есіргепов тек су ішетін аштық акциясын БҰҰ Адам құқығы комитетінің 117-сессиясы ашылған күні бастаған. Ол бұған дейін аштықты "белсенділердің құқығы мен еркіндігіне қатысты әділ және оң реакция білдірілмейінше жалғастыра беретінін" айтқан.

XS
SM
MD
LG