Accessibility links

АҚШ-та полиция қатыгездігіне наразылық акциялары жалғасып жатыр


АҚШ-та полиция қатыгездігіне наразылық шеруіне шыққандар.

АҚШ-та полиция қатыгездігіне наразылық шеруіне шыққандар.

АҚШ-та бірнеше қалада полиция өкілдерінің афроамерикалықтарға қатыгездік танытуына наразылық акциялары кеше үшінші күн жалғасты. Вашингтонда наразылық шеруіне жүздеген адам шықты. Нью-Йоркте автокөлік жолдарының бірін жауып тастаған мыңға жуық адамның оншақтысын полиция ұстаған. Демонстранттар осы аптада Луизиана мен Миннесотада полиция оғынан қаза тапқан Алтон Стерлинг пен Филандо Кастиленің есімдері жазылған плакаттар ұстап шыққан. Сонымен бірге шерушілердің қолында «Келесі кім?», «Абайла, расизм» деген жазулар да болған

Миннесотада демонстранттар Миннеаполис пен шілденің 6-сы күні полиция патрулі 32 жастағы жүргізуші Кастилені атып өлтірген Сен-Полды жалғастыратын автокөлік жолын жапқан. Олардың тарқауын талап еткен полицияға тас пен бөтелкелер лақтырған. Кемінде үш полиция өкілі зардап шеккен.

Ал шілденің 5-і күні 37 жастағы Стерлингті полиция атып өлтірген Батон-Руж (Луизиана) қаласындағы шеруде құқық өкілдерімен қақтығысқан афроамерикалықтардың «Қара қабыландар» радикалды тобының 30 қарулы (Луизиана заңы азаматтарға қару алып жүруге рұқсат етеді) белсендісін полиция ұстаған.

Нэшвилл, Индианаполис және Сан-Францискода наразылар шамалы уақытқа жолдарды жапқан. Далласта (Техас) шілденің 7-і күні өткен бейбіт демонстрация кезінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан афроамерикалық азамат бес полиция қызметкерін атып өлтіріп, жетеуін жаралаған. Оқиға кезінде көшеде кетіп бара жатқан тағы екі жүргінші зардап шеккен.

Қазір Испанияда жүрген АҚШ президенті Барак Обама Еуропаға сапарын бір күнге қысқартып, бүгін кешке Америкаға қайтып оралмақ.

XS
SM
MD
LG