Accessibility links

Журналист Байдалинова бостандыққа шықты


Гузяль Байдалинова. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Гузяль Байдалинова. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі, апелляциялық сот алқасы бүгін бір жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы жазасын шартты мерзімге ауыстырған Гузяль Байдалинова бостандыққа шықты.

2015 жылғы желтоқсан айынан бері қамауда отырған Байдалинованы әріптестері мен жақындары Алматыдағы уақытша қамау орны алдында күтіп алды.

12 шілдеде Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Nakanune.kz оппозициялық сайтында «Қазкоммерцбанк» туралы тапсырыспен жасалуы мүмкін делінген мақалаларды жариялаған деген айыппен сотталғандардың шағымын қарай келе, Алмалы аудандық сотының бұған дейін шығарған үкімін өзгерткен. Сот алқасы Гузяль Байдалинованы босатып, оның шарты жаза мерзімі біткенше Алматы қаласы аумағынан шықпауын және полиция бақылауында болуын бұйырған.

Бұл іс бойынша екінші айыпталушы - "Қазкоммерцбанкті" қаралайтын мақалалар жариялауға тапсырыс берген" деген айыппен төрт жарым жылға сотталған кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың үкімі оның қайтыс болуына байланысты күшін жойды. Кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың жансыз денесі 5 шілде күні Алматыдағы тергеу абақтысының камерасында асулы тұрған күйі табылған. Алдын ала ресми мәлімет бойынша, ол өзіне өзі қол жұмсаған.

Айыптау қорытындасы бойынша, Таир Қалдыбаев "Казкоммерцбанкті" қаралайтын 40-тан астам мақалаға тапсырыс берген. Ол "Деловая неделя" газетінің бас редакторы Махамбет Әуезовпен ымыраласып, журналист Рафаэль Балғин арқылы бұл мақалаларды Байдалинова басқаратын Nakanune.kz сайтында және Ирина Петрушова басқаратын "Республика" сайтында жариялатқан. Мақалалардың қаламақысын Қалдыбаев Балғинге Әуезов арқылы беріп отырған. Ал Балғин ақшаны Байдалиноваға Анатолий Иванов деген журналист арқылы жіберіп тұрған-мыс.

Тергеушілер Байдалинованың ақшаны басқа бір делдал арқылы Петрушоваға жеткізгенін айтады. Петрушованың үстінен бөлек қылмыстық іс қозғалған.

Рафаэль Балғин мен Махамбет Әуезов әуелі күдікті ретінде қарастырылып, кейін тергеушілер алдында ашық мойындап жауап бергесін куәгерлерге айналған.

23 мамырда Алмалы аудандық соты жалған ақпарат таратқан деп айыпталған Тайыр Қалдыбаевты төрт жарым жылға, ал Гузяль Байдалинованы – бір жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.

XS
SM
MD
LG