Accessibility links

Прокурор Ажарқұлованы төрт жылға соттауды сұрады


Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова адвокат Гүлнар Жуасбаевамен кеңесіп отыр.

Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова адвокат Гүлнар Жуасбаевамен кеңесіп отыр.

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында прокурор «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылып жатқан Қыздығой Ажарқұлованы төрт жылға бас бостандығынан айыру сұралды.

Өткен сот отырыстарында судья Мадияр Абдірасилов прокурор Мыңтаевқа сегіз жәбірленушінің барлығы сотқа келуі керек екенін бірнеше рет ескерткенімен бүгінгі сот отырысында төрт жәбірленуші ғана қатысты. Жарыссөзді төрт жәбірленушімен өткізе беру ұсынысына прокурор қарсылық білдірмеді.

Ал адвокат Гүлнәр Жуаспаева сот отырысына келмей қалған жәбірленушілерді тізімінен алып тастауды сұрады. Адвокаттың бұл талабын судья қанағаттандырмады.

Жарыссөзде бірінші болып сөз алған прокурор Мыңтаев айыпталушы Ажарқұловаға қандай айып тағылғанын атап өтті. Оның сөзінше, "сотта Ажарқұлованың айыбы жәбірленушілер мен куәгерлердің сөзімен толық дәлелденді".

Ол соттан «Ажарқұлованы айыпты деп танып, мал-мүлкін тәркілеп төрт жылға бас бостандығынан айыруды, айыбын жалпы режимдегі түзету колониясында өтеу туралы үкім етуді» сұрады.

Сот отырысына келген төрт жәбірленушінің екеуі үкімді соттың билігіне қалдырса, екеуі прокурордың сөзін қуаттады.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева жарыссөзде Ажарқұлованың сот үкімі шыққанша қамауға алуының өзі заңсыздық екенін айтты. Сотта жәбірленушілердің барлығы таққан айыптарын дәлелдей алмағанын, тергеу кезінде де сотта да нақты дәлелдемелерін көрсете алмағанын, тек жәбірленушілердің ауызша айыптауларымен қамауға алу да заңсыздық екенін атап өтті.

- Жәбірленушілер Ажарқұловаға қашан, қайда, қанша ақша бергені дәлелденбеді. Тіпті төрт жәбірленушінің айыпталушы басқарған қоғамдық ұйымға мүше емес екені де анықталды. Егер сот заңға сүйеніп, шешім шығарса Ажарқұлова ақталып шығады, - деп деді адвокат Гүлнәр Жуаспаева.

Жарыссөзде айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова соттан әділ әрі заңды үкім шығаруды сұрады.

2 сағатта прокурорды, айыптаушы және жақтаушы жақтың сөзін тыңдаған судья Мадияр Әбдірасилов Қыздығой Ажарқұловаға соңғы сөз 15 шілде күні берілетінін хабарлады.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG