Accessibility links

Путин: Тереза Мэй үкіметімен конструктивті диалогқа дайынбыз


Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 13 шілде 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 13 шілде 2016 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Ұлыбританияның жаңа премьері Тереза Мэймен "өзекті мәселелерде" "конструктивті диалог" орнатуға дайын. Бұл туралы Кремльдің 13 шілдедегі мәлімдемесінде айтылады.

Путин Мэйге жолдаған телеграммасында "түрлі салаларда ресей-британ ынтымақтастығының әлеуетін сақтап, арттыру екі ел халқының өмірлік мүддесіне сай келетінін" айтқан.

Путин хатында бұған дейінгі премьер Дэвид Кэмеронға алғыс білдіріп, "Сіздің бай саяси тәжірибеңіз Ұлыбритания мен әлем үшін жақсы жағынан қолданылады деп сенемін" деген. Ресей президенті өткен айда Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығуға дауыс беруінің "Еуропа мен Ресей үшін салдары болатынын" ескерткен.

Ұлыбританияның Ресеймен қарым-қатынасы соңғы жылдары әсіресе Кремльді сынайтын Александр Литвиненконың Лондонда қаза табуын тергеуге байланысты нашарлап кеткен. Ұлыбритания сонымен қатар Батыс елдерінің Мәскеудің Украинадағы саясатына қатысты Ресейге салған санкциясын ашық жақтайтын елдердің бірі болған.

XS
SM
MD
LG