Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылда жараланғандарға өтемақы төленбек


"Паллада" қару-жарақ дүкені жанындағы атыс кезінде жараланған полиция қызметкері Дәурен Оразбаев ауруханада жатыр. Ақтөбе, 6 маусым 2016 жыл.

"Паллада" қару-жарақ дүкені жанындағы атыс кезінде жараланған полиция қызметкері Дәурен Оразбаев ауруханада жатыр. Ақтөбе, 6 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде маусымның басында болған қарулы шабуыл кезінде жарақат алған 18 адамға жергілікті билік өтемақы төлемек. Бұл туралы Азаттыққа «Ақтөбе ақпарат» орталығы хабарлады.

"Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың шешімімен 9 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қарулы шабуыл кезінде жарақат алған адамдарға 400 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін беріледі. 11 отбасы 400 мың теңгеден, 5 отбасы 500 мың, тағы бір отбасы 700 мың , жарақаты ауыр тағы бір азамат 1 миллион теңге алады" - делінген хабарламада.

Осыған дейін жергілікті билік қарулы шабуыл кезінде қаза тапқан 7 азаматтың отбасына материалдық қолдау көрсеткен болатын.

5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG