Accessibility links

СІМ: Ниццада шабуылға жақын аумақта болған қазақстандықтар зардап шекпеді


Ниццадағы шабуылдан кейін үстілеріне мата жабылып жерде жатқан адам денелері. Франция, 14 шілде 2016 жыл.

Ниццадағы шабуылдан кейін үстілеріне мата жабылып жерде жатқан адам денелері. Франция, 14 шілде 2016 жыл.

Францияның Ницца қаласында шабуыл жасалған кезде оқиғаға жақын маңда болған қазақстандықтар зардап шеккен жоқ деп хабарлады бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ).

Министрліктің ресми Әнуар Жайнақовтың жергілікті агенттіктерге айтуынша, Ниццада шабуыл болған кезде оқиға орнына жақын жерде төрт қазақстандық - екі ер адам мен екі әйел болған. Олар Ниццада демалуға барған. Жайнақов "Түнде министрлікке Қазақстан азаматы хабарласып, Ниццаның Ағылшын жағалауына жақын қонақүйде екенін және қасында ағы үш қазақстандық барын айтты. Олар өмірлеріне алаңдап, көмек сұрады. Оларға дипломаттарымыз кеңес беріп, көмек көрсетті, қауіпсіздікті сақтау туралы кеңес айтылды. Қазір оларға қауіп төніп тұрған жоқ" деген.

Жайнақовтың сөзінше, Ниццадағы төрт қазақстандық өздерін Қазақстанға әкелуді қажетсінбеген. Ал шабуылдан құрбан болғандар мен зардап шеккендер туралы мәлімет әзірге түспеген.

14 шілде күні кешке Ницца қаласының орталығында Бастилияны алу күні құрметіне орай фейерверкті тамашалауға жиналған көпшілік адамды жүк көлігі баса көктеп таптаған. Кейбір бейресми мәліметтер бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі бұдан соң адамдарға оқ атқан. Соңғы мәліметтерге қарағанда, шабуылдан кем дегенде 73 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Жүргізушіні полиция атып тастаған.

XS
SM
MD
LG