Accessibility links

Ниццадағы шабуыл құрбандары саны 84-ке жетті


Ниццадағы шабуыл болған орын. Франция, 14 шілде 2016 жыл.
Ниццадағы шабуыл болған орын. Франция, 14 шілде 2016 жыл.

Ниццадағы террорлық шабуылдан қаза тапқандар саны 84 адамға жетті.

14 шілде күні кешке Ницца қаласының орталығында Бастилияны алу күні құрметіне орай фейерверкті тамашалауға жиналған көпшілік адамды жүк көлігі баса көктеп таптаған. Ресми мәліметтер бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі бұдан соң адамдарға оқ атқан. Шабуылдан ондаған адам жараланған. Жүргізушіні полиция атып тастаған.

Шабуыл жасаған адамның кім екені анықталып, көпшілікке жарияланбады. Дегенмен, полицияның жүк көлігінен Тунисте туған, 31 жастағы Франция азаматының құжатын тапқаны хабарланды. Reuters-тің полициядағы дереккөзіне сүйеніп хабарлауынша, күдікті бұрын полициямен жанжалдасып қалғанымен, арнайы қызметтің назарына ілікпеген.

Франция президенті Франсуа Олланд Ниццадағы шабуылды Франция аумағында соңғы бір жарым жылда болған үшінші теракт деп атады.

"Франция үшін жүк көлігімен ондаған адамды өлтіріп шабуыл жасау жантүршігерлік оқиға болды" деді Олланд 15 шілдеде телеарнадан жасаған мәлімдемесінде.

"Франция террористер соққы бергісі келетіннен де әрқашан мықты болып қалатынына уәде берем. Бізді терроризммен күрес ниетімізден ешнәрсе айныта алмайды. Біз Ирак пен Сириядағы әрекеттерімізді бұдан ары күшейте береміз. Біз өз жерімізде өзімізге шабуыл жасағандарға соққы беруді жалғастыра береміз" деді Олланд "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымын меңзеп.

Ол 15 шілдеде үкіметте қауіпсіздік бойынша жиын өткізетінін де айтты.

XS
SM
MD
LG