Accessibility links

Түркияда қаза тапқандар саны көбейе түсті


Босфор бұғазы арқылы өтетін көпір маңында қаза тапқан адамның денесінің жанында тұрғандар. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Босфор бұғазы арқылы өтетін көпір маңында қаза тапқан адамның денесінің жанында тұрғандар. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Түркияда әскери төңкеріс жасау әрекеті салдарынан құрбан болғандар саны 194 адамға жеткен – 104 бүлікшіл мен 90 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Түркия қалаларында жүздеген мың адам әскери бүлік әрекетіне наразылық білдіріп көшеге шеруге шыққан. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар өздері кепілге алған бас штаб мүшелерінен тек оның бастығы Хулуси Акарды ғана босатқан.

Associated Press агенттігінің түркиялық ресмилерге сілтеме жасап хабарлауынша, бүлікшілер қолында соңғы нысан – бас штаб қалып отыр.

Бүлікшілер бірнеше жоғары лауазымды офицерді кепілде ұстап отырғанымен, Түркия билігі жағдайды 90 пайыз бақылауында ұстап отыр деп мәлімдеген Еуропа Одағы істері жөніндегі министр Омер Челик.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті іске аспады, бірақ әскерилер билікті басып алуға тағы талпынуы мүмкін деген қауіппен президент Режеп Тайып Ердоған өз жақтастарын тарқамауға шақырды. Армияның жекелеген бөлімшелері бүлікшілердің қалған бірнеше тобының қарсылығын басуға тырысып жатыр деп хабарланды.

Бас штабтың 200-ге жуық әскери қызметкері берілген. 5 генерал мен 29 полковник қызметтен босатылған. Бір жарым мыңдай әскери қызметкер ұсталған, тұтқындаулар әлі жалғасып жатыр.

Ел президенті Стамбулға келген соң бүлікшілерді «сатқындар» деп атап, кінәлілер «қатаң жазаланады» деп мәлімдеген. Халықты «заңды билікті қорғауға» шақырған Ердоғанды Стамбулда оның үндеуіне құлақ асқан мыңдаған жақтаушысы қарсы алған.

Анкарада Түркия парламентінің төтенше отырысы өтіп жатыр. Әлемнің көптеген елдері «Түркияның демократиялық жолмен сайланған үкіметін қолдайтындарын» мәлімдеген.

Жұма күні кешкісін Түркия қарулы күштерінің бір бөлігі басшылыққа бағынудан бас тартып, елде әскери жағдай жариялап, үкіметтен билікті өз қолына алатындарын және елді «бейбітшілік кеңесі» басқаратынын мәлімдеген. Анкарада барлау штабы мен парламент ғимаратына танкілер және тікұшақтармен шабуылдаған. Стамбулда орталық алаң мен Босфор бұғазы арқылы өтетін көпірді басып алған.

XS
SM
MD
LG