Accessibility links

Назарбаев Ердоғанға жолдаған жеделхатта тілектестігін білдірді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға жолдаған жеделхатта Түркиядағы қарулы төңкеріс жасау әрекеті туралы хабарды үлкен алаңдаушылықпен қабылдағаны айтылған.

«Қайғылы оқиға салдарынан барлық қаза болғандар мен зардап шеккендер отбасыларының қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз. Бауырлас түрік халқын бірлестікке және болған оқиғаға қатысты төзімділік танытуға шақырамыз. Жағдайдың тезірек ретке келетініне сенімдіміз. Түрік халқы мемлекеттің демократиялық жолмен сайланған қазіргі басшылығымен бірге барлық сын-қатерлерге төтеп беріп, демократия және өркендеу жолындағы тұрақты дамуын жалғастыратынына еш күмән келтірмейміз», – делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқының және жеке өз атынан президент Ердоғанға тілектестігін білдіріп, «достас елдердің жарқын болашағына сенімді» екенін атап көрсеткен.

Түркияда сенбіге қараған түні әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Жұма күні кешкісін Түркия қарулы күштерінің бір бөлігі басшылыққа бағынудан бас тартып, елде әскери жағдай жариялап, үкіметтен билікті өз қолына алатындарын және елді «бейбітшілік кеңесі» басқаратынын мәлімдеген. Анкарада барлау штабы мен парламент ғимаратына танкілер және тікұшақтармен шабуылдаған. Стамбулда орталық алаң мен Босфор бұғазы арқылы өтетін көпірді басып алған. Жаппай тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар барысында ондаған адам қаза тауып, мыңнан астам адам жараланған.

XS
SM
MD
LG