Accessibility links

Қарағандыда көлді тазарту үшін эко-жәрмеңке өтіп жатыр


Қарағанды қаласының орталық даңғылындағы эко-жәрмеңке. 16 шілде 2016 жыл.

Қарағанды қаласының орталық даңғылындағы эко-жәрмеңке. 16 шілде 2016 жыл.

Қарағанды қаласының орталық даңғылында бүгін эко-жәрмеңке өтті. Қарағандылық бизнесмен Ерлан Әшімнің қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастыру туралы үндеуіне ондаған жергілікті тұрғын мен кейбір кәсіпкерлер қолдау танытты. Шарадан жиналған қаржыны Қарағандының орталық саябағындағы шағын көлді тазалау және абаттандыруға жұмсау жоспарланған.

– Атауы жоқ осы көлді кейде «иттікі» деп атайды, өйткені адамдар оған иттерді шомылдырады. Айналасы түгел қоқысқа толы көлдің көлемі үлкен – 300 метрдей (ұзындығы), оған баратын жол да жоқ. Қараусыз қалған жерді шөп-шалам басқан, бірақ басқа баратын жер болмағандықтан адамдар сол жерге серуендеп барады. Балықшылар да бар. Егер көлді қолдан келгенше тазартып, абаттандыратын болса баршаға пайдалы болар еді, - дейді Азаттыққа Қарағанды облыстық экологиялық музейдің директоры Дмитрий Калмыков.

Ондаған адам бүгін «Абсолют» сауда үйінің алдындағы алаңға әртүрлі заттарды сатуға шықты: кейбірі азық-түлікті сатса, енді біреулер қолдан жасалған бұйымдарды, өзге тұрғындар үйден пісіріп әкелген тағамдарды сатты.

– Іссапармен шетелге жиі шығып тұрамын. Ол жақта адамдардың ешкім айтып, бұйрық бермесе де өздігімен ұйымдасып, нақты бір шаруаны бірлесіп тындыратын қасиеті тәнті етеді. Бізде ойбай, анау жаман, мынау лас дегенді жиі айтамыз да, бұның бәрін біреу тындырып берсе екен деп күтеміз. Осы мәселені өз ортамызда талқылай келе, біз неге біреуге шағым айтып, жалынғанша өзіміз қолға кетпен-күрек алып, білек сыбана іске кіріспейміз деп шештік. Бірақ ол үшін қаржы керек. Сөйтіп осындай қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырамыз деп шештік. Біз өзіміз бүгінгі шарадан жиналған барлық қаржыны сол мақсатқа жұмсаймыз деп шештік, - дейді Азаттыққа «Нәтиже» компаниясының директоры Ерлан Әшім.

Кейбір кәсіпкерлер саудадан түскен түсімнің 10-15 пайызын беруге әзір екендерін айтты. Бүгін үйден пісіріп әкелген тағамдарды сатқан әйелдер барлық табысын беруді жоспарлап отыр. Эко-жәрмеңкенің өзге қатысушылары Азаттық тілшісімен әңгімеде өздері қосатын қаржы көлемі бүгінгі сауда нәтижесіне байланысты екенін айтты.

– Әзірше қайырымдылыққа нақты қанша беретінімді шешкем жоқ. Бүгінгі саудада өзім жасаған ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары қалай өтетінін байқаймын. Бұл менің қосымша табыс көзім. Үйде тігін тігемін, ал демалыс пен мейрам күндері саудаға шығарамын, - дейді Азаттыққа Гүлдана Хамзеева.

Белсенділер – негізінен көпшілігі «Нәтиже» компаниясының жұмыскерлері мен экологиялық музей қызметкерлері – Қарағандының орталық саябағындағы шағын көлді қалпына келтіру жұмыстарына шілденің 30-ы күні кіріспекші. Олар көлді өз күштерімен тазалап, жиналған қаржыны құс ұялары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар сатып алуға жұмсамақшы.

Қарағандылықтар арасындағы аңыз бойынша, бұл көлді Қарлаг тұтқындары салған. Бірақ құжат жүзінде оған дәлел жоқ.

Қарағандыдағы эко-жәрмеңке туралы фотогалерея:

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG