Accessibility links

Түркияда әскери бүлікті басу операциясы жалғасып жатыр


Босфор бұғазы арқылы салынған көпір үстіндегі қару түтіні. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.
Босфор бұғазы арқылы салынған көпір үстіндегі қару түтіні. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Анкарада үкімет күштері бүлікшілер бекінген бас штаб ғимаратын басып алды.

Елдің оңтүстік-шығысындағы Диябакырда орналасқан әскери әуе күштері базасында жүзге жуық әскериді полиция тұтқындаған. Олардың елдегі мемлекеттік төңкеріске қатысы бар деген болжам айтылады. Еуропа Одағы жөніндегі министр Омер Челиктің мәлімдеуінше, бүлікшілер бірнеше жоғары лауазымды офицерді кепілге алғанымен, Түркия билігі жағдайды 90 пайыз бақылауында ұстап отыр.

Грекиялық әскери дереккөздерінің айтуынша, түрік үкіметінің қарсыластары Гелжүктегі бас әскери-теңіз базасында фрегатты басып алып, Түркия әскери-теңіз қолбасшысын кепілге алған. Грекияға тікұшақпен жетіп, саяси баспана сұраған 8 түрік әскериі тұтқынға алынған. Түркия оларды өзіне беруді талап етіп отыр.

Түркия президенті Режеп Ердоған жақтастарын көшеден тарқамай, бүлікшілер қайта бас көтере қалған жағдайда тойтарыс беруге дайын болуға шақырды.

Түркия бас штабы бастығы міндетін атқарушы Үміт Дундардың айтуынша, шілденің 16-сына қараған түні мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне әскери-әуе күштері мен жандармерия (қарулы күштер құрамына енеді) басшылары, сонымен бірге бірнеше беренді танкі бөлімшелері қатысқан.

Нақтыланған мәлімет бойынша, Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті салдарынан 161 адам қаза болған, 104 бүлікші өліп, 1440 адам жараланған. 2830 әскери тұтқындалды деп хабарлаған Анкарада Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым.

Қазір АҚШ-та тұрып жатқан діни тұлға – Фетхулла Гүлен мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандарды айыптап, осы бүлікке қатысы бар деп өзін кінәлаған Анкараның таққан айыбын үзілді-кесілді жоққа шығарды.

XS
SM
MD
LG