Accessibility links

Қазақстан Түркия үкіметіне қолдау білдірді


Қазақстан сыртқы іcтер министрлігі ғимараты.

Қазақстан сыртқы іcтер министрлігі ғимараты.

Қазақстан сыртқы іcтер министрлігі Түркиядағы қарулы төңкеріс жасау әрекетіне байланысты ресми мәлімдеме таратты. Астана әскери төңкеріс туралы хабарды үлкен алаңдаушылықпен қабылдағанын айтып, Түркия үкіметіне қолдау білдірген.

«Қазақстан демократиялық жолмен сайланған қазіргі Түрік республикасының үкіметін нақты қолдайды. Әскери заңсыз әдістермен билік басына келу әрекеті өрескел болып табылады және Түркияға тұрақты дамуы мен гүлденуіне кедергі болады. Осы оқиға салдарынан құрбандардың болуына орай түрік халқына шынайы көңіл айтамыз» делінген мәлімдемеде.

Қазақстан СІМ мәлімдемесінде бауырлас ел ретінде Түркияның демократиялық бағытына қолдау білдіріп, «қалыптасқан ахуал одан әрі қантөгіссіз тез арада шешіледі деп үміттенетінін» атап өткен.

Түркияда сенбіге қараған түні әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бүлікке қатысы бар деген күдікке ілінгендер ұсталған. Жұма күні кешкісін Түркия қарулы күштерінің бір бөлігі басшылыққа бағынудан бас тартып, елде әскери жағдай жариялап, үкіметтен билікті өз қолына алатындарын және елді «бейбітшілік кеңесі» басқаратынын мәлімдеген. Анкарада барлау штабы мен парламент ғимаратына танкілер және тікұшақтармен шабуылдаған. Стамбулда орталық алаң мен Босфор бұғазы арқылы өтетін көпірді басып алған. Жаппай тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар барысында, нақтыланған мәлімет бойынша, 161 адам қаза болған, 104 бүлікші өліп, 1440 адам жараланған. 2830 әскери тұтқындалған.

XS
SM
MD
LG