Accessibility links

Түркияда алты мыңнан астам адам ұсталды


Бүліктен кейін парламент алдына жиналған Режеп Ердоғанның жақтастары. Анкара, 16 шілде 2016 жыл.

Бүліктен кейін парламент алдына жиналған Режеп Ердоғанның жақтастары. Анкара, 16 шілде 2016 жыл.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс іске аспай қалған соң тұтқындалғандар саны алты мың адамнан асты. Олардың арасында екі мыңнан астам жоғары шенді офицер мен судья бар. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мұның алдында мемлекеттік органдарда "тазалауды" жалғастыру ниетін мәлімдеген.

Стамбулда бүлік кезінде қаза тапқандарды жерлеу кезінде сөйлеген Ердоған барлық мемлекеттік органдарды түрік діни жетекшісі Фетхулла Гүленнің "вирустарынан тазалауға" уәде етті. Анкара Гүленді мемлекеттік төңкеріс жасауды жоспарлауға қатысы бар деп санайды. Гүленнің өзі айыпты мойындамайды.

Ердоған Түркия АҚШ-та тұрып жатқан Гүленді экстрадициялауға қолдан келгенін жасайтынын мәлімдеді. Ердоған таяу бірнеше күнде жақтастары қоғамдық орындар мен көшелерге жинала беретінін айтты.

Жексенбіде 50-ден астам әскери қызметкер ұсталған. Әділет министрі Бекир Боздаг тұтқындауларды "тазалау операциялары" деп атады. Ол бүлікке қатысты ұсталғандар саны ұлғаюы мүмкін екенін айтты.

Түркия сыртқы істер министрлігі елде әскерилердің бір бөлігі жасамақ болған мемлекеттік төңкерістен 290-нан астам адам қаза тауып, 1 мың 400-ден астам адам жараланғанын мәлімдеді. 17 шілдеде Түркия премьер-министрі Анкара мен Стамбулдағы оқиғалардан кейін елдегі жағдай қалыпқа түскенін мәлімдеді. Ол елдегі банктер мен қор нарығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтады.

Түркияда сенбіге қараған түні әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бүлікке қатысы бар деген күдікке ілінгендер ұсталған.

XS
SM
MD
LG