Accessibility links

Ақтөбеде қауіпсіздік шаралары күшейтілді


6655 әскери бөлімі алдында тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 18 шілде 2016 жыл.
6655 әскери бөлімі алдында тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 18 шілде 2016 жыл.

Ақтөбеде Алматыдағы полицияға шабуылға байланысты полиция қызметкерлерінің қарасы күрт көбейді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Стратегиялық маңызы бар нысандар мен күштік құрылымдар ғимараттарында күзет күшейтілген. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қару-жарақ сататын дүкендерде күзет күшейген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық департаменті орналасқан Әйтеке би көшесіндегі квартал жабық. Бұл ауданда облыстық ішкі істер департаменті ғимараты да орналасқан.

Алматының орталығында бүгін түске дейін атыс үндері естілген. Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі орналасқан аумақ периметрі қоршалған. Жергілікті агенттіктердің куәгерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, атыс үні қаланың бірнеше бөлігінде естілген. Алматы қалалық ішкі істер депаратментінің хабарлауынша, қаза тапқандар арасында полиция қызметкерлері бар.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) бүгін ҰҚК департаменті мен Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі ғимараттарына белгісіз адамдар шабуыл жасағанын хабарлаған. Республикалық антитеррорлық орталық шабуылға байланысты Алматы аумағында террорлық қауіп-қатердің "қызыл" деңгейін жариялаған.

5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG