Accessibility links

Қарин: Алматыдағыдай шабуылдың қайталануы мүмкін


Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин.

Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин.

Алматыда немесе Ақтөбеде болған шабуылдардың тағы да қайталану қаупі бар деп мәлімдеді Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, бүгін Астанада Алматыдағы шабуыл туралы өткізген брифингте Қарин Орталық Азиядағы "ұйқыдағы радикалдық ұяшықтар" қаупінің деңгейі мемлекет, қоғам деңгейінде жете бағаланбағанын айтты.

"Меніңше, бұл қауіптерді жете бағаламау әлі күнге дейін жалпы жағдайға әсер етіп отыр. 2011-2012 жылдардағы оқиғалардан соң барлығы тез өзін-өзі тыныштандырып, болған оқиғалар радикализмнің бір реттік белгі беруі ретінде бағаланды" деген Қарин.

Оның сөзінше, экстремизм мен терроризм қаупі ұзақ мерзім сақталады және ол мемлекет пен қоғам бұл қауіптермен ұзақ күреске ыңғайлануы керек.

Қарин Алматыдағы шабуыл теракт әлде жай қылмыс деп бағаланғанына қарамастан мұндай оқиғалардың қайталану қаупі жоғары деп санайтынын айтқан. Оның пікірінше, оқиғаға жағдай жасайтын себептері мен факторларына ғана емес, барлық қызметтің іс-қимылына да мұқият талдау жасау керек.

18 шілдеде күндіз қарулы адам Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуылдап, өзі қолға түскен. Ресми мәлімет бойынша, шабуылдан бес адам - үш полицей мен екі бейбіт тұрғын қаза тауып, жеті адам жараланған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақанов ұсталған күдікті бұрын сотталғанын, түрмеде отырғанда салафиттермен жақын болғанын мәлімдеген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуылды теракт деп атаған.

XS
SM
MD
LG