Accessibility links

Қыздығой Ажарқұлованың сотында қосымша екі куәгер тыңдалатыны хабарланған


Белсенді Қыздығой Ажарқұлованың сот процессі өтіп жатқан Әл-Фараби аудандық соты. Шымкент, 15 шілде 2016 жыл.

Белсенді Қыздығой Ажарқұлованың сот процессі өтіп жатқан Әл-Фараби аудандық соты. Шымкент, 15 шілде 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша процесте қосымша екі куәгерді тыңдау туралы прокуратураның өтініші қанағаттандырылатынын жариялаған. Бұл туралы Азаттыққа Ажарқұлованың қызы әрі қоғамдық қорғаушысы Кәмшат Бақбердиева хабарлады.

– Судья бүгін прокуратураның қосымша екі куәгерден куәлік алу туралы сұрауын қанағаттандырып, сот отырысында сағат 17-ге дейін үзіліс жариялады. Бірақ Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева сотта тараптардың пікірталасы аяқталып, соңғы сөз айтылып қойғандықтан бұл заңға қайшы екенін мәлімдеп, өз наразылығы туралы Жоғарғы сотқа жеделхат жолдап жатыр, - деді ол.

Бақбердиева прокурор қосымша екі куәгердің куәліктерін тыңдау туралы сотқа өтінішті сот үкім шығарар алдында ақылдасу бөлмесіне кеткен соң берген дейді. Прокуратура өкілінен бұған қатысты комментарий алу мүмкін болмады. Шілденің 15-і күні соттан өзін толық ақтауды сұраған Қыздығой Ажарқұлованың соңғы сөзінен кейін судья Мадияр Әбдірасилов сот ақылдасу бөлмесіне кететінін, үкімнің оқылатын уақыты екі тарапқа алдын-ала ескерілетінін хабарлаған еді.

Оған дейін сот процесінде прокурор Мыңтаев судьядан Ажарқұлованы «алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыруды және дүние-мүлкін тәркілеуді» сұраған.

Сотталушының адвокаты Гүлнәр Жуаспаева Азаттыққа «Ажарқұлованың құқығы тергеу амалдары кезінде және сот процесі барысында бұзылғанына дәлелдеріміз бар» деп айтқан.

56 жастағы Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу абақтысында отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

Қыздығой Ажарқұлова өзіне тағылған айыптарды толығымен мойындамайтынын мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG