Accessibility links

Пәкістан соты Мушаррафтың есепшотын бұғауламақ


Первез Мушарраф.
Первез Мушарраф.

Пәкістан соты экс-президент Первез Мушаррафтың активтерін бұғаулауға шешім шығарды. Мушаррафтың адвокаттарының хабарлауынша, Пәкістан арнайы соты "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен істі болған Первез Мушарафтың банктегі есепшоттарын бұғаулап, мүлкін тәркілеуге тырысып жатыр.

Үш судьядан тұратын сот алқасының төрағасы Мажар Алам Мианкел бұғаулау суралы шешімді наурызда Дубайға емделуге кеткен Мушарраф сотқа келмеген соң шығарған.

Кейін сот Мушаррафтың сыртынан үкім шығара алмайтынын айтып, сотты шегерген.

Мушарафқа мемлекетке сатқындық жасады, 2007 жылы премьер-министр Беназир Бхуттоны өлтіруге қатысы бар деген айыптар тағылып отыр.

Мушараф 1999 жылы қантөгіссөз төңкеріс нәтижесінде премьер-министр Наваз Шарифті орнынан тайдырып, билікке келген. 2008 жылы өзі де импичмент жариялану қаупінен сескеніп отставкаға кетіп, шетел асқан.

2013 жылы Пәкістанға қайтып келген соң бірнеше айып бойынша қылмыстық іс қозғалған оның елден кетуіне тыйым салынған еді. Кейін оның медициналық көмек алуы үшін тыйым алынған.

Биыл қаңтарда Мушарраф 2006 жылы балуджи көтерілісшілерінің жетекшісі Наваб Акбар Буктиді өлтірді деген айып бойынша ақталған.

Бірақ Мушаррафқа тағылған елде төтенше жағдайды негізсіз енгізіп, судьяларды жұмыстан қуды, Бхуттоны өлтірді және Исламабадтағы Қызыл мешітте қырғын ұйымдастырған деген айыптар әлі алынбаған.

XS
SM
MD
LG