Accessibility links

Такаумовтың жазасы өзгеріссіз қалды


Мұрат Такаумов Сарыарқа аудандық 2-сотының шешімін тыңдап тұр. Астана, 2 маусым 2016 жыл.
Мұрат Такаумов Сарыарқа аудандық 2-сотының шешімін тыңдап тұр. Астана, 2 маусым 2016 жыл.

Бүгін Астананың апелляциялық соты «Таблиғи Жамағат» діни ұйымының өкілі деп аталған Мұрат Такаумовтың жазасын өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа сот төрағасы Гүлнәр Мергенованың хатшысы хабарлады.

Өткен айдың басында Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты Мұрат Такаумовты қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы («тыйым салынған ұйымға қатысты») бойынша тоғыз айға бас бостандығынан айырған. Сот үкімі бойынша, Мұрат Такаумов жазасын қоныстандыру колониясында өтейді деп шешілген еді.

Мұрат Такаумов сот шешімімен келіспейтінін айтқан.

Астана соты 2013 жылы «Таблиғи Жамағат» ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Қазақстан билігі 1926 жылы Үндістанда құрылған бұл ұйымының басты мақсаты Қазақстан сияқты елдердің бірінде халифат құру деп санайды. «Шығыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы мемлекеттік мекемесінің» сайтында бұл ұйым туралы «сарапшылар пікірінше, ұйым исламның жиһадшылар идеологиясынан айырмашылығы шамалы нұсқасын ұстанады» деген ақпарат жазылған.

Қазақстанда ұйым өкілдері қудаланып жатқанына бірнеше жыл болды. Топтың ондаған өкілі Қазақстан колонияларында жазаларын өтеп жатыр. Ал Батыс елдері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанның «діни сенім еркіндігіне қысым жасап отырғанын» сынайды.

XS
SM
MD
LG