Accessibility links

ICG: ЕАЭО-да 2015 жылы сауда айналымы 26 пайызға төмендеді


International Crisis Group ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).
International Crisis Group ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).

Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) ішіндегі сауда айналымы 2015 жылы сауда даулары, санкциялар әсері мен аймақтық экономикалық дағдарыс салдарынан 26 пайызға төмендеп кетті. Бұл туралы әлемдегі қақтығыстардың алдын алу және шешу мәселелерін зерттейтін Халықаралық дағдарыс тобы (International Crisis Group) ұйымының "Еуразия экономикалық одағы: Билік, саясат және сауда" деп аталатын есебінде айтылады.

ICG ЕАЭО келісім бойынша оған мүше елдер үшін шекарада сауда-саттықты жеңілдетіп, еңбек миграциясын ұлғайтатын экономикалық, технократиялық жоба деп танылғанымен, одаққа мүше елдерде сыртқы тарифтер ұлғайып, олардың экономикасын әлемдік экономикадан алшақтата бастады дейді.

ЕАЭО аймақтық ынтымақтастық пен интеграцияға көп үлес қосады деп ұйғарғанымен, әзірге оның қызмет етуі Ресей мен оның көршілері арасындағы шиеленісті күшейтіп тұр дейді ICG.

Баяндамада ЕАЭО айналасындағы басты саяси шиеленістер оның аймақтық сайсаттағы рөлінен туындайтыны айтылады. "Ресей ЕАЭО-ны экономикалық бірлестік деп қана емес, көрші елдерге ықпалын институционалды түрде бекіту тетігі және жаңа халықаралық тәртіп негізі ретінде санайды. Бұл одақ мүшелері арасындағы шиеленісті күшейтіп, Еуропа Одағындағы басқа да интеграциялық бастамалармен жанжалға себеп болды. Әсіресе Ресейдің айналасындағы елдердің Еуропа Одағымен ассоциация, еркін сауда келісімдерін жасауына кедергі келтірді" делінген баяндамада.

Қызметі 2015 жылғы қаңтардың 1-інен басталған ЕАЭО – 2010 жылы Ресей, Қазақстан, Беларусь арасында құрылған Кеден Одағының жалғасы. Кейін одаққа Қырғызстан мен Армения қосылды. Халықаралық ұйымдардың екеуі де экономикалық интеграцияны көздейді деп жоспарланған. ЕАЭО тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін алмасуы арқылы әуелі үш, кейін бес елдің ұлттық экономикаларын тұрақты дамытуды мақсат тұтқан.

XS
SM
MD
LG