Accessibility links

Полиция: Күлекбаев қарақшылықпен айналысқанын мойындады


Күдікті Руслан Күлекбаевтың (жерде) ұсталған сәті. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

Күдікті Руслан Күлекбаевтың (жерде) ұсталған сәті. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

Алматы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бүгін таратқан ақпаратта алты адам (төртеуі - полицей) қаза тапқан шабуылға күдікті ретінде ұсталған Руслан Күлекбаев тергеу кезіндегі берген жауабында «дүкен мен базарға барғандарды торуылдап, кісі тонаумен айналысқанын мойындағаны» айтылған.

Полиция сотқа дейінгі тергеу барысында Күлекбаевтың тағы да төрт қарулы қарақшылық шабуыл мен екі тонауға қатысы бар-жоғы анықталып жатқанын хабарлайды.

Бұған дейін тараған ресми мәліметте Руслан Күлекбаевтың бұрын екі рет сотталғаны туралы хабарланған. «Күлекбаев 2010 жылы шілде айында Шымкентте алтын бұйым сататын сатушыны үйіне дейін аңдып барып, үйдің кіре берісінде соққыға жығып, 115 мың теңге мен ұялы телефоны бар сөмкесін тартып алған. Сот оны үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім еткен» делінген полиция ақпаратында.

Ал 2012 жылы Қызылорда облысында полиция одан заңсыз револьвер мен дыбыс бүркегіш құрылғы тәркілеген соң, әлі шартты жазасын толық өтемеген Күлекбаев сот үкімі бойынша үш жарым жылға түрмеге қамалған. «Түзеу мекемесі қызметкерлеріне бағынбай, тәртіп бұзғаны үшін Күлекбаевқа 14 рет жазалау шарасы тағайындалған» деп хабарлайды полиция.

18 шілдеде Алматыда полиция бөліміне қарулы шабуыл кезінде және онан соң көшеде қарудан оқ атылып, салдарынан алты адам қаза тауып, сегіз адам жараланған. Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қылмысқа күдікті ретінде Алматы облысының тұрғыны, 1990 жылы туған Руслан Күлекбаевтың ұсталғанын мәлімдеген. Кейін оның әйелін Байқоңыр қаласынан Алматыға жеткізіп, одан жауап алынғаны хабарланды.

Полицияның дерегі бойынша, Руслан Күлекбаев шілденің 18-іне қараған түні Алматыда жасалған әйел адамды өлтіру қылмысына да күдікті саналып отыр.

Ауыр қылмысқа күдікті ретінде ұсталған Руслан Күлекбаевқа адвокат тағайындалғаны я әлі тағайындалмағаны туралы әзірше ресми ақпарат жоқ.

XS
SM
MD
LG