Accessibility links

Макс Боқаев пен Талғат Аянға енді үш айып тағылды


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Қамаудағы атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға бұған дейін тағылған бір айыптың орнына басқа үш айып тағылды. Бұл жөнінде Азаттыққа Макс Боқаев пен Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аянов хабарлады.

Осыған дейін оларға «Билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» айыбы тағылған. Қазір белсенділерге оның орнына қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша («бұқаралық шарада жалған ақпарат тарату», «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» және «жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізудің тәртібін бұзу») айыптар тағылған.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуірде Атырауда жер кодексіне байланысты өткен алғашқы ірі қарсылық акциясын ұйымдастыруға қатысқан. Үкімет енгізген жер реформасы ауыл шаруашылық жерлерін ел азаматтарының меншікке алуына, ал шетелдіктердің ұзақ мерзімге жалға алуына мүмкіндік берген.

Осы шеруден кейін мамыр айында Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты «Билікті басып алып ұстап тұруға, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру» айыбы бойынша тергеуалды тексеруі басталған. Ол кезде Боқаев пен Аян «заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін» 15 күндік жаза мерзімін өтеп жатқан болатын.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін азаматтық белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян және Жанат Есентаевты босатуға шақырған болатын. Ұйым 22 маусымда таратқан мәлімдемесінде "Астана қамауда отырған белсенділерге таққан айыптарды алуы тиіс" екенін айтқан.

Жер мәселесі бойынша Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өткен еді. Осы шерулерден соң, мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

XS
SM
MD
LG