Accessibility links

Мюнхенде атыстан бірнеше адам қаза тапты


Оқиға орнына келіп жатқан полицейлер. Мюнхен, 22 шілде 2016 жыл.
Оқиға орнына келіп жатқан полицейлер. Мюнхен, 22 шілде 2016 жыл.

Германияның Мюнхен қаласындағы сауда орталығында атыс болып, бірнеше адам қаза тапты және жараланды. Muencher Abendzeitung газеті 15 адам көз жұмғанын хабарлады.

Шабуыл болған маңға шұғыл қызметтің ондаған көлігі келіп, полиция операциясы басталды.

Неміс ақпарат құралдары бұған дейін беймәлім адам оқ атқанын хабарлаған. Ол адамның не үшін жұртты атқаны белгісіз.

Мюнхен полициясына сілтеме жасаған ВВС агенттігі "шабуыл жасаған адам жалғыз болмаған, олардың ешқайсысы ұсталмады" деген дерек айтады.

Қалада метро тоқтап, көптеген қоғамдық көлік маршруттары жабылды.

Оқиға болған сауда орталығы Мюнхеннің Моозах ауданындағы стадионның маңында орналасқан. Ол стадионда 1972 жылғы олимпиада кезінде палестиналық экстремистер Израильдің 11 спортшысын кепілге алып, кейін оларды өлтіріп тастаған.

Германияда осыдан үш күн бұрын, 19 шілдеде елдің оңтүстігіндегі Вюрцбург қаласында Ауғанстаннан келген 17 жастағы азамат пойыздағы жолаушыларға пышақ және балтамен шабуыл жасап, бес адамды жаралаған. Полиция «Аллаһу акбар» деп айқайлап шабуыл жасаған жігітті атып өлтірген. Кейін неміс полициясы ауған босқынының бөлмесінен "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының қолмен салынған туы табылғанын хабарлаған. Германия ішкі істер министрі Йоахим Херрманн ол адамның исламшылдар тобына қатысы болғаны я өздігінен радикалданғаны жөнінде айту қиын екенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG