Accessibility links

Жер комиссиясының көшпелі отырысы Атырауда өтіп жатыр


Үкіметтің жер реформасына қарсылық жиыны. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Үкіметтің жер реформасына қарсылық жиыны. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан үкіметінің жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы бүгін Атырау қаласында өтіп жатыр. Жиынды жер комиссиясының төрағасы – Қазақстан вице-премьері әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жүргізіп отыр.

Бүгінгі жиынға комиссия мүшелерімен бірге фермерлік шаруашылық жетекшілері, шенеуніктер, қоғам өкілдері қатысып отыр. Жиында сөйлегендер арасында ауыл шаруашылық жерін қазақстандықтарға жеке меншікке сатуды жақтаушылар және жерді сатуға да, жалға беруге де қарсылық білдіргендер болды.

Бұған қоса жиында сөз алғандардың кейбірі жер мәселесі бойынша биыл сәуірде Атырауда өткен жиынға қатысқан, қазіргі кезде қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып, қамауда отырған атыраулық белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян және басқа адамдарды босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істі доғаруға шақырды.

Сәуірдің 24-і күні Атырауда жер мәселесі бойынша көпшіліктің қатысуымен өткен наразылық акциясына қатысушылар үкіметтің жер реформасына қарсылық білдірген еді. Атыраудан соң мұндай шаралар Қазақстанның басқа да қалаларында өтті. Мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту, құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге жер сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

XS
SM
MD
LG