Accessibility links

Кабулда бүгін теракт құрбандарын аза тұтып жатыр


Террорлық шабуыл жасалған жерде тұрған ауған қауіпсіздік күштері.Кабул, 23 шілде 2016 жыл.
Террорлық шабуыл жасалған жерде тұрған ауған қауіпсіздік күштері.Кабул, 23 шілде 2016 жыл.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани сенбіде Кабулда жасалған террорлық шабуыл құрбандарын еске алу үшін жексенбіні ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Шілденің 23-і күні Кабулда үкіметтің электр желісі құрылысын салу жоспарына наразылық шеруі өтіп жатқан кезде жанкешті жасаған жарылыс салдарынан, соңғы деректер бойынша, кемінде 80 адам қаза тауып, 230 адам жараланған.

Наразылық акциясына қатысушы елдегі этникалық азшылық өкілдері – хазарлар Түркіменстаннан Кабулға электр қуатын жеткізуге арналған электр желісі Бамиян провинциясының әкімшілік орталығы арқылы салынсын деген талап қойған. Ол провинцияда хазарлар көп тұрады. Үкімет электр желісінің бағытын өзгерту қосымша миллиондаған долларды қажет етеді және құрылыс жұмысын ұзақ мерзімге созып жібереді дейді.

Жарылысқа жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өзіне алған.

«Талибан» қозғалысы Кабулдағы жарылысты айыптап, оған өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Ауғанстандағы БҰҰ миссиясы бұл шабуылды әскери қылмыс деп ататған.

Бұл 2001 жылы Ауғанстанда АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштерінің террорға қарсы операциясы басталғалы бері Кабулда ең үлкен қантөгіске әкелген теракт болып отыр.

Ауғанстанда тұрғын халықтың 9 пайызға жуығын құрайтын, исламның шиит ағымын ұстанып, дари тілінде сөйлейтін хазарлар елде саны жағынан үшінші орында тұрған азшылық топқа жатады.

XS
SM
MD
LG