Accessibility links

Ереванда полиция кеңсесіне бекінгендер билікке талаптарын қайталады


Полиция ғимаратын басып алған қарулы топ мүшелерінің бірі. Ереван, 23 шілде 2016 жыл.

Полиция ғимаратын басып алған қарулы топ мүшелерінің бірі. Ереван, 23 шілде 2016 жыл.

Ереванның Эребуни ауданында полиция патрулі полкі штабын басып алған қарулы топ кепілде ұстаған адамдардың барлығын босатқанымен, өздері билікке берілмейтіндерін мәлімдеген.

Азаттықтың Армян қызметінің (Азатутюн радиосы) хабарлауынша, полиция ғимаратын басып алғандардың бірі – радикалды оппозициялық «Құрылтай парламенті» қозғалысының баспасөз хатшысы Варужан Аветисян өз талаптары күшінде екенін мәлімдеген. Қарулы топ Армения президенті Серж Саргсянның отставкаға кетуін, «заңсыз қару сатып алған және сақтаған» деген айыппен бұдан бір ай бұрын қамауға алынған қозғалыс жетекшісі Жирайр Сефилянды босатуды талап еткен.

Варужан Аветисян мен қарулы топтың өзге де мүшелері өздері бекінген полиция ғимаратында 23 шілде олардың талабы бойынша ашылған баспасөз орталығында журналистермен кездескен. Оған дейін қарулы топ баспасөз орталығын ашу туралы өздері қойған шартты билік орындауға келіскен соң, сол кезге дейін кепілде ұстаған адамдарды сенбіде босатқан.

17 шілдеде бір топ қарулы адам Эребуни ауданындағы полиция патрулі полкі штабын басып алған. Оқиға кезінде бір полиция полковнигі қаза тауып, төрт полиция қызметкері жараланған. Шабуыл жасағандар жеті адамды кепілге алып, бір аптаға жуық ұстаған.

Оларды жақтаушылар содан бері қарулы топ бекінген полиция ғимаратына алдына бірнеше мәрте жиналып, Армения президентінің отставкаға кетуін талап етіп, полициямен қақтығысқан.

XS
SM
MD
LG