Accessibility links

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында төтенше жағдай жарияланды


Бауыржан Сыздықов, Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы. Ақтөбе, 25 шілде 2016 жыл.
Бауыржан Сыздықов, Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы. Ақтөбе, 25 шілде 2016 жыл.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында нөсер жауыннан су басуға байланысты төтенше жағдай жарияланды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ақтөбеде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, аудан орталығы Қандыағаш кентінде 47 үйдің ауласын су басқан, 10 үйге су кірген. Су кірген үйлердің жетеуі судан тазартылған, үшеуінде тазарту жұмыстары жасалып жатыр. Сыздықов соңғы тәуліктерде ауданда жауын-шашын қалыпты нормадан үш есеге көп жауғанын айтады. Мұндағы жауын-шашынның айлық нормасы 22 миллилитр болса, ол соңғы тәуліктерде 79 миллилитр жауын жауған.

Сыздықов Қандыағашта жаңбыр көп жауғандықтан жолдарға перпендикуляр салынған еріген қар суы ағатын табиғи арналар жолдардың астына салынған су өткізгіш құрылғыларды бұзып кеткен дейді.

Синоптиктер облыста аптаның соңына дейін жауын-шашынды болады деп болжайды. Қазір Ақтөбе қаласында, Мұғалжар және Әйтеке би аудандарында су басу қаупі туындаған аумақтарда тасқынның алдын алу жұмыстары жасалып жатыр.

Сыздықов бұдан өзге Ақтөбенің Құрмыш ықшам ауданында үш үйді су басқанын, тұрғындар эвакуацияланып, су шығарылып жатқанын айтты.

Қандыағашта толассыз жауған жауын сенбі күні таңертең басталған. Кеше кенттің кей жерінде су деңгейі 20 сантиметрге дейін жетіп, №3 мектеп-гимназия мен «Самал» балалар бақшасының жертөлесін су алғаны хабарланған. Кенттің ықшамаудандарын жалғастыратын тас жолдарды су шайып кеткен.

XS
SM
MD
LG