Accessibility links

Түркияда 42 журналисті қамауға ордер берілді


Түркиядағы қамалған журналистердің босатылуын талап еткен қарсылық акциясы. Стамбул, 21 маусым 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Түркиядағы қамалған журналистердің босатылуын талап еткен қарсылық акциясы. Стамбул, 21 маусым 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Түркия билігі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін басқан соң 42 журналисті қамауға алуға пәрмен берді деп хабарлайды түркиялық ақпарат құралдары. NTV және CNN-Turk арналарының хабарлауынша, қамау туралы үкім шығарылғандардің бірі - белгілі комментатор әрі бұрынғы парламент депутаты Назли Иличак. Ол 2013 жылы министрлерді сынап, жемқорлық дауын көтергені үшін үкіметшіл «Саба» басылымынан жұмыстан қуылған болатын.

Үкімет шенеуніктердің 2013 жылғы жемқорлық дауына АҚШ-та тұрып жатқан ислам діни жетекшісі Фетхулла Гүленді айыптаған. Анкара 15 шілдедегі болмай қалған төңкеріс әрекеті үшін де Гүленді айыптайды.

Анкара бұған дейін де баспасөз бостандығын шектейді деп жиі сыналатын.

15 шілдеде басталып, 16 шілдеде басылған әскерилердің шағын бөлігінің төңкеріс жасау әрекетінен соң Түркияда Гүленнің жақтасы, бүлікке қатысты немесе оған қолдау білдірді делінген 60 мыңға тарта адам қуғынға ұшыраған. Ұсталған, қызметінен босатылған немесе қуғынға алынғандар арасында әскери шенеуніктер, сарбаздар, полицейлер, судьялар, мемлекеттік қызметкерлер, колледж декандары мен оқытушылар бар.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл оқиғадан соң "егер халық талап етсе" өлім жазасын қалпына келтіруге дайын екенін мәлімдеген.

Еуропа комиссиясының президенті Жан-Клод Юнкер 25 шілдеде "Түркия қазіргі жағдайында жақын уақытта тіпті одан да ұзақ мерзімге дейін Еуропа Одағына мүше болуға үміттене алмайды" деген. Юнкер Анкара егер өлім жазасын қалпына келтірсе Түркияның ЕО-ға мүше болуы жөніндегі барлық келіссөз дереу тоқтайтынын да ескертті.

XS
SM
MD
LG