Accessibility links

Отарда "снаряд жарылысынан" бірнеше сарбаз жараланды


Отар әскери базасындағы қазақстандық әскерилер (Көрнекі сурет).
Отар әскери базасындағы қазақстандық әскерилер (Көрнекі сурет).

Отар әскери базасындағы "Гвардейский" полигонында төтенше жағдай болып, бірнеше сарбаз жараланды деп хабарлады қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.

"Халықаралық армия ойындары жарысына дайындық кезінде Ангола командасында 120 миллиметрлік калибрлі минометтен атылған снаряд "жарылып кеткен". Оқиға салдарынан бір сарбаз ауыр жараланып, бірнеше сарбаз жеңіл жарақаттанды" делінген министрлік хабарламасында.

Жараланған сарбаздар Отар әскери базасындағы медициналық отрядқа жеткізілген.

Министрлік алдын ала тексеру бойынша Ангола командасының сарбаздары 2Б11 минометінен оқ ату кезінде "қауіпсіздік шараларын бұзғаны" және "келісімсіз оқ ату орнын өзгертіп, окоптан шыққан" анықталғанын айтады. Бұған қоса, "снарядтың жарылып кетуіне" оны екі рет оқтап жіберу себеп болуы мүмкін делінеді.

Зардап шеккен сарбаздардың қай елдің азаматтары екені айтылмайды.

Қазір қорғаныс министрлігі комиссия құрып, министрдің орынбасары Оқас Сапаров оқиға орнына ұшып кеткен.

XS
SM
MD
LG