Accessibility links

Ақтөбеде сот бір тұрғынды сырттай қамауға санкция берді


Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Ақтөбе қалалық соты облыс тұрғыны Ренат Тілемісовті қамауға алуға сырттай санкция берді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Сот санкциясы бойынша Ренат Тлемисов қолға түскен күні бірден 2 ай мерзімге қамалады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

Тергеу материалдарына қарағанда,1985 жылы туған заңгер Ренат Тілемісов былтыр Ресей арқылы Түркия жеріне өтіп, одан әрі Сирияға жеткен. Сол жерде "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылып, әлеуметтік желіде терроризмді насихаттай бастаған.

Ренат Тілемісовтің жазбаларын арнайы сараптамадан өткізген тергеу оған қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша айыптар тағып отыр. Олар - 257-баптың 2-тармағы (Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу), 174-баптың 1-тармағы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру), 179-баптың 2-тармағы (Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту) мен 256-баптың 2-тармағы (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру).

Ақтөбе қалалық №2 сотының қаулысы 2016 жылғы 21 шілде күні шыққан. Құқық қорғау органдары 31 жастағы заңгерге халықаралық іздеу жариялады.

XS
SM
MD
LG