Accessibility links

Есіргеповтің 7 жыл бұрынғы үкімге шағымы бойынша сот кейінге қалдырылды


Журналист әрі құқық қорғаушы Рамазан Есіргепов Жамбыл облыстық сотының алдында. 28 шілде 2016 жыл.

Журналист әрі құқық қорғаушы Рамазан Есіргепов Жамбыл облыстық сотының алдында. 28 шілде 2016 жыл.

Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы журналист әрі белсенді Рамазан Есіргеповтің өзіне жеті жыл бұрын шыққан сот үкіміне берген шағымын қарауда үзіліс жариялады. Есіргепов соттың өзіне шығарған айыптау үкімін заңсыз деп санайды. Үзіліс Есіргеповтің соттан процеске қатысып барлық тараптың мемлекеттік құпиямен танысуын сұрап өтініш беруіне байланысты жарияланды.

Жамбыл облыстық адвоктатар алқасының Есіргеповті қорғауға жіберген адвокаты мен прокурордың өзінде мемлекеттік құпиямен танысуға рұқсаты болмаған. Есіргепов сонымен қоса соттан процеске қатысып жатқан сот алқасының үш судьясының қайсысында мұндай рұқсат барын анықтап алуды да сұрады. Апелляциялық сот Есіргеповтің өтінішін қанағаттандырып, процесті оның өтініші орындалған соң жалғастыруға қаулы қабылдады.

Бүгінгі сотқа қатысушылардың кейбірі сот алқасын апелляциялық инстанцияда "алғашқы сот инстанциясындағы процессуалдық заң бұзушылықтар ғана қарастырылуы тиіс" деп процесті жалғастыра беруге "көндірмек" болған. Бірақ Есіргепов сот процесін үстіртін жүргізуге болмайтынын айтып, қарсы жақтың дәйегін жоққа шығарды. Есіргеповтің пікірінше, 2009 жылы тамызда өзіне қарсы сот үкімі сол кезде адвокаттарда мемлекеттік құпиямен танысуға рұқсаты болмағандықтан заңсыз шығарылған.

Рамазан Есіргепов 2009 жылы жазда тәуелсіз "Алма-Ата инфо" газетінің бас редакторы болып тұрған кезіндеТараз қалалық соты оны "мемлекеттік құпиясы бар мәліметтерді заңсыз сақтап, таратты" деген айыппен үш жылға соттаған. Есіргепов өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып, өзінің кәсіби қызметін ғана атқарғанын, өзіне қарсы істің саяси астары барын мәлімдеген.

Рамазан Есіргеповтің жоғары сот инстанцияларына шағымдану әрекеттері сәтсіз болған. Бұдан соң белсенді БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымданып, комитет биыл наурызда оның пайдасына шешім шығарған. БҰҰ комитеті шешімінде Есіргеповтің әділ сотталу құқығы бұзылғаны айтылған. Құқық қорғаушылар БҰҰ комитетінің шешімінде сөз бостандығы мен адам құқығы үшін күресті күшейтуге үміт бары көрінеді дейді.

XS
SM
MD
LG