Accessibility links

Трамп: Хакерлерге үндеуді мысқылмен айттым


Дональд Трамп, АҚШ президенттігіне Республикашыл партиядан кандидат.
Дональд Трамп, АҚШ президенттігіне Республикашыл партиядан кандидат.

АҚШ президенттігіне Республикашыл партиядан кандидат Дональд Трамп өзінің бұған дейін хакерлерді президенттік сайлаудағы бәсекелесі Хиллари Клинтонның электрондық почтасын бұзуға шақырған үндеуінен бас тартты. Трамп 28 шілдеде өзінің электрондық почтаны бұзу туралы мәлімдемесін мысқылмен айтқанын білдірді. Трамп хакерлерге қайырылмас бұрын егер президент болып сайланса АҚШ-тың Ресейге Қырымды аннексиялап алғаны үшін салған санкцияларын қайта қарайтынын және Қырымды Ресей территориясы деп тану мәселесін сараптайтынын мәлімдеген.

Кейін Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтон Трамптың мәлімдемесін "ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар мәселе" деп атаған. Клинтонның негізгі көмекшісі Джейк Салливан бірінші рет "президенттікке басты үміткерлердің бірі шетелдік державаны өзінің саяси қарсыласына тыңшылық жасауға айдап салып отырғанын" айтты.

28 шілдеде Кремль АҚШ Демократиялық партия басшылығындағы ішкі электрондық хаттардың жариялануына байланысты даудың мәнісін өздері анықтауы тиіс деп мәлімдеген. Ресей билігі Демократиялық партияның электрондық почталарын бұзуға қатысы барын жоққа шығарып, бұл айыптау АҚШ-тағы "Ресейге қарсы көңіл-күйден шыққанын" айтқан. Кремль сонымен қатар Трамптың Қырым туралы айтқаны Мәскеудің АҚШ-тағы президент сайлауы мәселесіне "бейтарап ұстанымын" өзгертпейтінін де білдірді.

XS
SM
MD
LG