Accessibility links

Ресей Google-ді Қырымдағы елді мекен атауына қатысты сынады


Google Maps картасында Қырымдағы елді мекен атаулары бұрынғы украин тілінде берілді.

Google Maps картасында Қырымдағы елді мекен атаулары бұрынғы украин тілінде берілді.

Ресей Google компаниясын Қырымдағы елді мекен аттарын Украинада қолданысқа енгізілген коммунизм белгілерінен арылу (декоммунизация) заңы бойынша жаңа украин атауларымен белгілегені үшін сынады.

Компания Google Maps картасында Қырымдағы 900 елді мекен аттарын украин тіліндегі нұсқасы бойынша жаңартқан. Украинада декоммунизация туралы заң өткен жылы қабылданған.

Ресейдің коммуникация министрі Николай Никифоров "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Google-дың бұл қадамын "алды-артын ойламаған, саяз саясат" деп атап, "қателік түзетілетінінен" үмітті екенін білдірді.

"Егер Google Ресей заңы мен Ресейдің елді мекен атауларына назар аудармаса онда Ресей территориясында тиімді бизнес жүргізе алмайды" деп ескертті Никифоров.

Қырымның Ресей бақылауындағы үкіметінің басшысы Сергей Аксенов Google Maps-ті аймаққа қатысты атауларда украин транслитерациясын қолданып, "шынайы карта емес, пропаганда жасап отыр" деп айыптады.

Ресейдің Google-дағы өкілі компания қазір Google Maps-тың орыс тіліндегі нұсқасына елді мекендердің орыс тіліндегі атаулары да кіргізу жұмысын жасап жатқанын айтты.

"Біз Google Maps-тың орыс тіліндегі нұсқасына елді мекендердің ескі атауын қоса береміз, соған қатысты жұмыс істеп жатырмыз" деген Ресей өкілі РБК басылымына.

Ресей Қырым түбегін 2014 жылы наурызда Украинадан аннексиялап алған. Киев пен халықаралық қауымдастық Қырымды заңсыз аннексияланған Украина территориясы деп санайды.

XS
SM
MD
LG