Accessibility links

Ажарқұлова сот үкіміне разы болмады


«Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.
«Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.

Шымкентте «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова шартты жазаға кесіліп, босап шықты. Ол «ақталмаса, БҰҰ-ға шағымданатынын» айтады.

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында таңғы сағат 10-да басталған сотқа «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылған Қыздығой Ажарқұлованың 20 шақты жақтасы қатысты. Үкімді тыңдауға сегіз жәбірленушінің бірде-бірі келген жоқ.

Судья Мадияр Әбдірасилов сегіз жәбірленушінің төртеуінің шағымы қанағаттандырылмайтынын, олардың шағымы бойынша айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын айтты.

Қыздығой Ажарқұлованың ісі қаралған Әл-Фараби аудандық сотының ғимараты. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.
Қыздығой Ажарқұлованың ісі қаралған Әл-Фараби аудандық сотының ғимараты. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.

– Қыздығой Ажарқұлова қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-тармағы 1, 2 және 3-тармақшасы бойынша айыпты деп табылып, оған үш жыл мерзімге шартты жаза тағайындалсын. Дүние-мүлкі тәркіленіп, үш жыл мерзімге қоғамдық ұйымдарға жетекшілік ету құқығынан айырылсын, – деді судья Мадияр Әбдірасилов.

Судья 2015 жылдың 13 желтоқсанынан 2016 жылдың 29 шілдесіне дейін қамауда отырған Қыздығой Ажарқұлованың ол жердегі бір күнін екі күнге есептеп, жаза мерзімін осы күндер есебінен қысқартуға үкім етті.

«ТОЛЫҚ АҚТАУ КЕРЕК ЕДІ»

Үкім оқылып болған соң 10 минутта сот залынан босатылады деген Қыздығой Ажарқұлова жарты сағаттан соң шықты. Ажарқұлованың жақтаушылары оны құттықтап, кейбірі жылап жатты.

– Біз сотқа бастан-аяқ тыңдаушы ретінде қатыстық. Жәбірленуші тарап оны айыптайтындай ешбір нақты дәлел ұсына алған жоқ. Оны толық ақтап шығу керек еді, – дейді «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының мүшесі Зиякүл Досболаева.

"Баспанамызды қорғайық" қоғамдық ұйымының мүшесі Зиякүл Досболаева. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.
"Баспанамызды қорғайық" қоғамдық ұйымының мүшесі Зиякүл Досболаева. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.

Қыздығой Ажарқұлова да «сот әділ шешім шығармағанын» айтады.

– Кінәм жоқ болса да айыптады. Соттың үкіміне разы емеспін. Заңды құқығымды ары қарай қорғаймын. Қазақстанда әділдікке жетпесем, халықаралық сотқа шағым түсіремін. Соңына дейін күресемін. БҰҰ-ға дейін шағымданамын, – дейді Қыздығой Ажарқұлова.

Сегіз айға жуық қамауда жатқан Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева «сот Ажарқұловаға шартты түрде жаза кесіп, оны айыпты ретінде таныды» деп наразы болды.

– Сот процесі кезінде ұсынылған бірде-бір дәлел Ажарқұлованың айыпты екенін дәлелдеген жоқ. Біз соттан ақтап шығу үкімін күткен едік, – дейді адвокат.

Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.
Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.

Гүлнәр Жуаспаева «ары қарай шағым түсіру-түсірмеу Ажарқұлованың шешіміне байланысты» екенін айтады.

– Егер Ажарқұлова «Қазақстан соты ақтамаса, істі БҰҰ-ға дейін алып барамын» десе, менің қолымда оның кінәсіз екенін дәлелдейдін құжаттар жеткілікті. Бұл құжаттар арқылы БҰҰ Ажарқұловаға құқығы бұзылғаны үшін өтемақы өндіріп береді, – дейді ол.

Бүгінгі сот үкіміне қатысты Қыздығой Ажарқұлованың сотында жәбірленуші ретінде айтылған сегіз адамның ешбірінің пікірін білу мүмкін болмады. Бұған дейінгі сот отырыстарына, судья мен прокурордың алдын ала ескертуіне қарамастан, кейде келіп, кейде келмей жүрген ол азаматтар пікір білдіруге келіспеді.

Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша прокурор Талғат Мыңтаев та бүгінгі сот үкімі жайлы қандай да бір пікір беруден бас тартты.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2011 жылы құрылып, бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсанында Шымкенттегі тергеу абақтысына қамалған. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық, яғни уәкілетті адамның бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алуы») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Азаттықтың бұл іс жайлы сауалына: «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Соның салдарынан шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жауап берген.

Қыздығой Ажарқұлова сот процесі басталғалы өзіне тағылған айыптарды толығымен мойындамайтынын мәлімдеп, еш кінәсі жоғын айтып, өзін ақтап шығуды сұрап келген.

XS
SM
MD
LG