Accessibility links

Қарқаралыдағы банк бөлімшесіне шабуылға күдікті үш адам ұсталған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағанды облысында банк бөлімшесін тонамақшы болған деген күдікпен Қарқаралы кенті жанындағы ауылдың үш тұрғыны ұсталған.

Облыстық ішкі істер департаментінің ақпараты бойынша, шілденің 29-ы күні түстен кейін Қарқаралыдағы банк бөлімшелерінің біріне бет-жүзін бүркемелеп, қолына қаруға ұқсас нәрсе ұстаған белгісіз біреулер басып кірген. Олар күзетшіні қарусыздандырып, кассадағы ақшаны өздеріне беруді талап еткен кезде кассир дабыл түймесін басып үлгерген. Дабыл белгісінен кейін банктен ештеңе алмастан дереу қашып шыққан қарулы адамдар автокөлікке отырып, із жасырған.

Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция, куәгерлердің айтуымен, әлгі адамдар мініп қашқан автомобильге ұқсас барлық көліктерді тексеруге кіріскен. Ақырында жақын маңдағы ауылдардың бірінен қолға түскен күдікті үш азамат полицияға жеткізіліп, уақытша ұстау орнына қамалған.

Банк мекемесіне шабуыл оқиғасына байланысты полиция «Қарақшылық» бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын бастаған.

XS
SM
MD
LG