Accessibility links

ЕҚЫҰ бақылаушыларына сепаратистер қоқан-лоқы көрсеткен


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Украинаның шығысындағы бақылаушыларына қарулы сепаратистер қоқан-лоқы жасағаны туралы мәлімдеді.

Шілденің 29-ы күні ЕҚЫҰ бақылаушылары Донецкіден оңтүстікке қарай 70 шақырым жердегі Луково елді мекені маңынан әскери техника іздерін байқаған. ЕҚЫҰ есебінде халықаралық бақылаушылардың әлгі ізді қуалап оңтүстікке қарай бет алғаны айтылған. Көп ұзамай олардың көлігін қарулы екі адам тоқтатып, бұл жерден кетуді бұйырған.

Бұйрыққа бағынып кері қайтқан миссия өкілдерін екі автокөлік қуып жетіп, алдын бөгеп тотқтатқан. Өзін-өзі жариялап алған «Донецк халық республикасының» белгісі бар әлгі көліктерден түскен үш адам ЕҚЫҰ бақылаушыларына қару кезеніп, айғайлап, Луководан бес шақырым жердегі Приморское бақылау-өткізу пунктіне баруды бұйырған. Ол жерде ЕҚЫҰ көлігін қарулы адамдар қоршап алған, ішіндегі біреуі, халықаралық бақылаушылардың айтуынша, миссия өкілдерін өлтіріп тастауға шақырған.

Біраз уақыттан соң ЕҚЫҰ бақылаушыларын босатып, олар Мариупольдегі базаларына кедергісіз жеткен. Оқиға барысында ешкім зардап шекпеген.

Батыс елдері Украинаның шығысында сепаратистер бақылауындағы аймақтардағы жағдай туралы ЕҚЫҰ бақылаушылары жүргізетін мониторингтің күнделікті мәліметтеріне үлкен мән береді. Ресей ЕҚЫҰ бақылаушыларының есептерін «объективті жүргізілмейді» деп сынап, бірнеше рет сенімсіздік білдірген.

ЕҚЫҰ арнайы мониторинг миссиясы құрамына 45 елдің, соның ішінде Украина мен Ресейдің бақылаушылары да кіреді.

XS
SM
MD
LG