Accessibility links

Еревандағы шеруде бір адам өзін-өзі өртеуге әрекет жасады


Наразылық шеруіне қатысушылар өз-өзін өртеуге әрекет жасаған ер адамға жәрдем көрсетіп жатыр. Ереван, 30 шілде 2016 жыл.

Наразылық шеруіне қатысушылар өз-өзін өртеуге әрекет жасаған ер адамға жәрдем көрсетіп жатыр. Ереван, 30 шілде 2016 жыл.

Сенбінің кешінде Ереванның орталығында наразылық шеруі кезінде орта жастағы ер адам үстіне жанармай құйып, өзін-өзі өртеуге әрекет жасады деп хабарлайды Азаттықтың Армян қызметі (Азатутюн радиосы). Лап етіп жанған жалынды сол жерде тұрған өзге адамдар өшірген. Денесі күйіп қалған әлгі адам полиция көлігіне отырудан бас тартқан соң, оны таксимен ауруханаға жеткізген.

Армения астанасында полиция ғимаратын басып алған қарулы топты қолдаушылар сенбінің кешінде тағы да көшеге шығып, Ереванның орталығындағы Армения парламенті мен ел президентінің әкімшілігі орналасқан Баграмян даңғылын жапқан соң, екі сағат бойы ол жерде көлік қозғалысы тоқтап қалған.

Полиция шерушілерден «заңсыз іс-әрекетті тоқтатып, көше қозғалысына кедергі келтірмеуді» талап етіп, олай болмаған жағдайда күш қолданылатынын ескерткен. Бұдан соң шерушілер қайтадан Еркіндік алаңына оралып, Баграмян даңғылын босатқан.

30 шілдеде кешке Армения полициясының баспасөз хатшысы Ашот Агаронян қарулы топ басып алған полиция ғимаратынан атылған мерген оғынан полиция офицері қаза тапқаны туралы хабарлаған. Оның алдында Армения ұлттық қауіпсіздік қызметі қарулы топтан өз еркімен берілуін талап еткен.

Шілденің 17-сі күні Армения астанасында Эребуни ауданындағы патрульдік полиция полкінің аймағын басып алған қарулы адамдар полицияның бір офицерін өлтіріп, бірнешеуін кепілге алған. Өздерін «Сасна црер» қозғалысы мүшелеріміз деп таныстырған қарулы топ «заңсыз қару сақтаған» деген айыппен 20 маусымда қамауға алынған оппозициялық саясаткер Жирайр Сефилянды түрмеден босатуды талап еткен. Қарулы топ мүшелерінің көпшілігі 1990 жылдардың басында Таулы Қарабақтағы қарулы жанжалға қатысқандар.

XS
SM
MD
LG