Accessibility links

Түркияда 1400-дей әскери қызметтен босатылған


Түркия әскерилері мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар деген күдікке ілінген адамды ұстап әкеле жатыр. Мармарис, Түркия. 25 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Түркия әскерилері мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар деген күдікке ілінген адамды ұстап әкеле жатыр. Мармарис, Түркия. 25 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Түркия билігі АҚШ-та тұрып жатқан діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар деген күдікпен елдің қарулы күштері қатарынан 1389 әскериді қызметтен босатқан. Бұл туралы бүгін түркиялық мемлекеттік Anadolu агенттігі хабарлады.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Ердоған Түркия әскер мен барлау қызметіне басшылықты өз кеңсесіне беру туралы ұсыныс жасаған.

Әскерді үкіметке бағынышты етуге бағытталған конституциялық өзгерістерді қабылдау үшін парламент депутаттарының кемінде үштен екісі оны мақұлдап дауыс беруі тиіс. Ол үшін Ердоғанға оппозицияның қолдауы қажет болады.

Сонымен бірге Ердоған елде әскери мектептер жабылып, ұлттық қорғаныс университеті құрылатыны туралы мәлімдеген.

Түркияда шілденің 16-сы күні мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болғандардың әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң 18 мыңнан астам адам ұсталып, олардың 10 мыңға жуығы тұтқындалған. Ондаған мың адам армия қатарынан, полиция, сот және мемлекеттік қызмет органдарынан босатылған. Бүкіл ел көлемінде жүзден аса бұқаралық ақпарат құралы жұмысын тоқтатқан.

Ресми Анкара 16 шілдедегі мемлекеттік төңкеріс әрекетін ұйымдастырған деп қазір АҚШ-та тұрып жатқан 76 жастағы Гүленді айыптайды. Гүлен Түркиядағы бүлікке қатысы жоғын мәлімдеп, өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG