Accessibility links

Ақтөбеде облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты сотталды


Бұрынғы мәслихат депутаты, кәсіпкер Мейіржан Өндіргенов пен Ербол Әділовтің адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 1 тамыз 2016 жыл.
Бұрынғы мәслихат депутаты, кәсіпкер Мейіржан Өндіргенов пен Ербол Әділовтің адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 1 тамыз 2016 жыл.

Ақтөбеде бүгін облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты, кәсіпкер Мейіржан Өндіргеновке қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 1 тамыздағы үкімі бойынша, "Емшан компаниясы - EmchanCo" компаниясының президенті Мейіржан Өндіргенов "алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде қаржы жымқырған" деп айыпталып, 4 жыл мерзімге сотталды. Сот материалдары бойынша, Өндіргенов 2009 жылдың қаңтары мен 2015 жылдың сәуірі аралығында "Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлік және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінен алдау арқылы, субсидия ретінде берілген 900 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырып, бюджетке аса ірі көлемде залал келтірген. Сот оны бұл қылмысты компнаияның вице-президенті Ербол Әділовпен және тағы бірнеше адаммен бірігіп жасаған дейді.

Сот Ербол Әділовті де осы айып бойынша қылмыс жасады деп тауып, 3 жылға соттаған.

Сот үкімі бойынша Өндіргенов пен Әділовтің дүние-мүліктері тіркіленіп, жазаларын жалпы режимдегі түзету колониясында өтемек.

XS
SM
MD
LG