Accessibility links

ОҚО әкімі Ералиев тұрғындарымен кездесті


Жолдасбай Ералиев ауылдық округіне кіреберіс. Мақтарал ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 2 тамыз, 2016 жыл.

Жолдасбай Ералиев ауылдық округіне кіреберіс. Мақтарал ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 2 тамыз, 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Сейфуллин ауылында құрылған штабта шұғыл жиын өткізді. Жиынға Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Демеуов пен облыс прокуроры И.Иманов қатысты.

Облыс әкімі жиыннан соң ауыл тұрғандарымен жүздескен. Ресми хабарламаға сәйкес, кездесуде "кәмелет жасқа толмаған қызға сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасалмағаны" хабарланған. Әкім тұрғындарды "өсек-аяңның жетегінде кетпеуге" шақырған.

Облыс прокуроры "Ералиев ауылдық округінде жағдай толық бақылауда екенін", "тәртіпсіздікті жою үшін тиісті шаралардың жасалғанын" айтқан.

Ералиев ауылдық округінде кішкентай қызға «сексуалдық сипаттағы әрекеттер» жасалды деген күдіктен басталған дүрбелең 2 тамызға қараған түнде де жалғасқан еді. Негізгі оқиға болған Сейфуллин ауылына көршілес елді мекендерде үйлер мен көліктер өртелген. Тұрғындар үкіметтен өздерін қорғауды сұраған. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция көрші ауылдарды да күзетіп тұр.

Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері), 4-бөлімі (ондай әрекеттерді жас балаға қатысты жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Мақтарал ауданы тұрғындарының саны 300 мыңға жуық. Аудандағы 176 елді мекенде 60-тан аса этнос өкілдері өмір сүреді. Мақтарал ауданы облыс орталығы Шымкенттен 231 шақырым қашықта орналасқан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG