Accessibility links

Сот Матаевтар адвокатының екі өтінішін қанағаттандырды


Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаев сотта отыр. Астана, 3 тамыз 2016 жыл.

Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаев сотта отыр. Астана, 3 тамыз 2016 жыл.

Астананың Есіл аудандық №2 сотында өтіп жатқан Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтың ісі бойынша сотта судья Ақболат Құрмантаев адвокаттың кейбір өтініштерін қанағаттандырды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, адвокат Матаевтардың адвокаты Андрей Петров Сейітқазы Матаев бірқатар жүрек ауруларымен ауыратынын, қан қысымы жиі көтеріліп кететінін айтып, сотқа кардиолог дәрігерді де қатыстыруды сұраған. Адвокат сонымен бірге адвокаттарға сотқа ноутбуктерімен бірге кіруіне рұқсат етуді де сұрап өтініш білдірген. Прокурорлар А.Абаев пен Е.Құрақбаев адвокаттың өтінішіне қарсылық білдірмеді. Судья өтініштерді қанағаттандырды.

Адвокат бұлардан өзге судьядан Матаевтарды кепілге босатуды, сотты Алматыда өткізуді және сот-экономикалық сараптама тағайындауды сұраған. Прокурорлар ол өтініштерге қарсылық білдірген. Судья бұл өтініштерге қарау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.

Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

XS
SM
MD
LG