Accessibility links

Шымкентте теміржолдан шыққан өрт мұнай кәсіпорны аумағына өтті


"Мұнай" ЖШС аумағындағы өрт. Оңтүстік Қазақстан облысы, 4 тамыз 2016 жыл.

"Мұнай" ЖШС аумағындағы өрт. Оңтүстік Қазақстан облысы, 4 тамыз 2016 жыл.

Шымкенттің іргесінде "Мұнай-БК" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) аумағындағы өртті әлі сөндіріп жатыр деп хабарлады оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі.

Өрт Шымкенттен 40 километр қашықтықта, Алматы - Ташкент жолының 664 километрінде шыққан. Азаттық тілшісіне оқиға орнындағы "Мұнай-БК" ЖШС қызметкерлерінің айтуынша, өрт сол маңдағы теміржолда жүк вагонының мұнай өнімдері тиелген вагонға соқтығысуынан, сағат 10:40 шамасында шыққан. Бұдан соң өрт желдің әсерімен "Мұнай" ЖШС территориясына кіріп, мұнай өнімдері тұрған цистерналарға жақындап қалған. Өрт сөндірушілер теміржолда шыққан өртті сөндірген, ал кәсіпорын аумағындағы өртті әлі сөндіріп жатыр. Кәсіпорын аумағындағы өртеніп жатқан жерге жақын 15-ке жуық мұнай өнімдері құйылған үлкен цистерналар тұр. Өрт сөндірушілер өрттің цистерналарға қарай таралмауына күш салып жатыр.

"Мұнай" ЖШС теміржол мен Алматы-Ташкент жолының ортасында орналасқан. Өрт болған аумаққа жедел жәрдем көліктері де барған.

Азаттық тілшісінің айтуынша, Алматы-Ташкент жолында екі жарым сағаттан бері көлік қозғалысы тоқтап тұр.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші қызметкері Азаттыққа өртті сөндіруге 100-ге тарта қызметкер мен 20 техника жіберілгенін айтқан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG